Эссе Елімнің тұңғыш Президенті
Сыныбы: 5 «А»
Орындаушы: Жолдас Аяна
Елімнің тұңғыш Президенті
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасымыз өзімен бірге елімізге тәуелсіздікті, егемендікті ала келген дара, қайталанбас, ұлы тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлы елбасы болған кезде елімізде біршама өзгерістер орын алды. Солардың бірі де бірегейі-ел астанасының Астана қаласына ауыстырылуы. Қазіргі таңда «Нұрсұлтан қаласы» деп аталады. Бұл өзгеріс қазақ жастарын солтүстік өңірге тартуға үлкен үлес қосты. Жас буын өкілдері солтүстік астанаға үлкен махаббатпен қарап, әсем, көркем, жас қаланы шынайы сүйе білді. Бас қалаға еліміздің кейбір ауылдары мен қалаларынан ағылған жастардың санында шек болмады. Бірлігі мен татулығы жарасқан көпұлтты мемлекетіміздегі өзге ұлт өкілдері де жас қалаға қоныс аударып, сұлу қаламен тағдырлары ұштасып кетті.
Сонымен қатар елбасымыз елордамызда «Бәйтерек», «Ханшатыр», «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Ақорда», «Нұр әлем» сферасы сынды бір-біріне ұқсамайтын таңғажайып ғимараттардың тууына септігін тигізді. Қазақ даласында еліміз сүйген елбасымыздың алар орны ерекше. Н. Әбішұлы өзінің даралығымен, даналығымен, көрегенділігімен, табандылығымен, еңбекқорлығымен ерекшелене білген біртуар азамат. Өз еңбек жолында халқына адал қызмет етіп, халық жанашыры бола білген ұлы тұлға. Мемлекетімізде кездескен алуан түрлі қиыншылықтарды дер кезінде өзінің парасаттылығының арқасында шеше білген, елімізді дағдарысқа ұшыратпау үшін алдын ала ұзақ жылдарға жоспар құра білген тамаша саясаткер.
Елбасымыздың еткен ерең еңбегі, көреген саясаты біздің болашағымызға жол ашатын алтын көпір іспеттес. Мен қазақ жастарының болашағының жарқын болатынына кәміл сенемін. Тәуелсіз елдің бағына туған тұңғыш президентімді мақтан тұтамын. Менің елбасым-халқымның мақтанышы. Оның аты біздің жүрегіміз бен ел тарихында алтын әріптермен мәңгі жазылып қалатынына сенімдімін.